Мен Елубаева Акерке Жалгасбековна Ақтөбе қаласы, Ақшат елді мекенінде орналасқан «Алан» балалабақшасының әдіскерімін.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Ақылың мен білімің екі жақтап» деген өмірлік ұстаныммен келемін.
«Ел есінде бір жыл қалғың келсе - ас бер, он жыл қалғың келсе - ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе - бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Мен үшін ең қастерлі де, қасиетті мамандық ол – ұстаздық жол.
Мамандықты таңдау – әр адам үшін ең маңызды шешім. Менің алғашқы таңдаған мамандығым басқа салада болатын. Ол саланың өзімдікі емес екенін біліп, Ж.Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзін өзіме жол сілтер Темірқазық қып алдым. Сөйттім де «Ұстаздық» деп аталатын қиын да қызық соқпаққа алып барар мамандықты таңдауға бел будым.
Әдіскер мамандығының мәні мынада деп ойлаймын:
Педагогика саласында болып жатқан тың өзгерістерді әкелу, болашақты болжай білу, өзгерістерге дайын болу, ұжымда жағымды ортаны құру бағытында жұмыс жүргізетін әдіскер деп таныр едім. Себебі, әдіскер үйретуші, бағыттаушы, жаңалықты жеткізуші, шығармашыл тұлға. Міне осы бағытта талмай жұмыс істеп келемін. Осы педагог жолында еңбегім еленіп, көптеген Үздік дипломдар мен Ақтөбе қаласының Білім Бөлімінің басшысының Алғыс хатымен марапатталдым.







